Мәдениет

Кимешек киіп, Көкжарға барды

Тәрбие

«Қазақ аналары — дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері бір күндік сапарын Ойыл ауданына арнады. Ұлттық киім киіп, кимешек таққан меймандарды  аудан әкімі Асқар Қазыбаев бастаған ойылдық «Ақ әжелер» ансамблі ақ дәмін ұсынып,  күтіп алды.

Сол күні аудан орталығындағы Ойыл аграрлық колледжінің аумағында орналасқан көне Көкжардың тарихи ғимараттарында ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, «Ана тағылымы — ұрпаққа өнеге» атты этнофестиваль өтті.  Үш ғасыр өтсе де, сол күйі сақталған көне Көкжардың сауда орындарында ұлттық тағамдардан дәм татқаннан кейін ақ жаулықты аналар шеруі болды. «Шеберлер ауылы» ұлттық көрмесі, ұмыт болған салт-дәстүрлер және қазақ қыздары мен әйелдерінің баскиім үлгілері көрсетілді. Бұл шараға Алға, Мәртөк, Қобда, Ырғыз аудандарынан ұлттық нақышта киінген аналар келіп, қолөнер бұйымдарын әкелді.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Қазақ аналары — дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айнұр Жүгінісова Ойыл жұртының ерекше ықыласына алғысын айтты.

Мына керемет сақталған тарихи орындарды аралағанда әсер алмау мүмкін емес. Бірден 17-18 ғасырларға сүңгіп кеткендей болдық. Оның үстіне сол замандағы көріністерді бейнелеген көрмелер шынайы шықты. Ойыл атақты ақ тарысымен танымал болса, жәрмеңкеде сол тарыны қуырып, түйіп, дайындап жатқан аналарымызды көрдік. Тағы бір байқағаным — Ойылда ақ кимешек киген әжелердің көптігі мені таңғалдырды әрі сүйсіндірді. Ұлттық қаймағы бұзылмаған осындай ауданда мұндай тарихи жәдігерлердің болуы керемет қой. Біздің де мақсатымыз — қазақы салт-дәстүрлерді жаңғыртып, ұрпаққа ұлттық тәрбие беру, — деді бірлестік төрайымы.

Одан кейін болған дөңгелек үстелде қазақ аналарының қазіргі қоғамға қосар үлесі, бала тәрбиесіндегі рөлі туралы айтылды.

Бірлестіктің Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы Нәзира Табылдинова сапардың мақсатын таныстырып, алдағы уақытта жасалатын жұмыс жоспарларыменбөлісті.

«Қазақ аналары — дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ойыл ауданында бөлімшесі ашылып, оның жетекшісі Зоя Дәулетқалиева боп сайланды. Бірлестіктің облыстық филиалының төрағасы Ойыл ауданында болған көктемгі су тасқынында үйі зардап шеккен Берсиев модульді ауыл кітапханасының кітапханашысы АқгүлӘбіловаға қордың атынан ақшалай көмек берді.

Сонымен қатар ұзақ жыл мәдениет және өнер саласына қосқан үлесі үшін Шамшырақ Жоламановаға «Еңбек даңқы» төсбелгісін табыс етіп, мәдениет қызметкері Нұргүл Дүйімованы Құрмет грамотасымен марапаттады.

 С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button